Баспасөз үшін

06/06/2017

«Астана» Халықаралық қаржы орталығының өкілдері Қазақстанда тіркелген Елшілермен кездесті

Бүгін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) өкілдері Қазақстандағы дипломатиялық миссия басшыларымен кездесті.

Кездесуге 30-дан астам елден Төтенше жəне Өкілетті Елшілер қатысты.

Кездесудің мақсаты -ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің алдында дипломатиялық корпус өкілдерін АХҚО қызметімен таныстыру.

АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов қаржы орталығын құру идеясының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екендігін айтты. АХҚО-ның бес институционалды реформаны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының бір бөлігі екендігіне тоқталды.

Қатысушыларға АХҚО негізгі стратегиялық бағыттары, мақсаты, аймақта капитал нарығын дамыту, активтерді басқару, ислам қаржыландыруы, қаржы технологиялары, «жасыл» қаржыны ілгерілету бойынша кеңінен ақпарат берілді.

Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілер АХҚО-ның ерекшелігі оны болашақта сəтті қаржы орталығы ететініне сенім білдірді. АХҚО - ағылшын құқығы принциптеріне сай жұмыс істейтін ТМД-гі жалғыз қаржы орталығы болмақ.

Ақпарат үшін:

 

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.