Баспасөз үшін

05/05/2017

«Астана» Халықаралық қаржы Орталығының жанынан Құқықтық Консультациялық Кеңес құрылды

2017 жылдың 5 мамыр күні Лондонда (Ұлыбритания) «Астана» Халықаралық Қаржы Орталығының жанынан құрылған Құқықтық Консультациялық Кеңестің бірінші отырысы өтті.

Шараның ашылу сөзін «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Басқарушысы Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов және Англия мен Уэльстің экс Бас Жоғарғы судьясы Лорд Гарри Кеннет Вульф алды. Жиналысқа аталған кеңестің құрамына кіретін Ұлыбританияның беделді заң фирмалары қатысты.

Кеңес міндетіне - Қаржы Орталығының жобаларындағы актілерді қарау және сараптау, сондай-ақ, өзге де кеңес беру қызметтері жатады. Сонымен қатар, Кеңес құзіретіне Англия мен Уэльстің құқықтық қағидаларын негізге ала отырып, құқықтық базаны қалыптастыру және де әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының стандарттарымен жұмыс істеу де кіреді.

Астана Халықаралық Қаржы Орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуы бойынша, Англия мен Уэльстің құқықтық құзіреті жүретін елдерде тәжірибиесі бар сарапшылар құрамына кіріп отырған Кеңес болашақта Қаржы Орталығының актілерін әзірлеу мен оның қызметіне көп көмегін тигізбек.

Ол сондай-ақ, Құқықтық Консультациялық Кеңестің жұмысына Baker McKenzie, Devonshires, Hogan Lovells, Michelmores, Norton Rose Fulbright, and White & Case секілді әлемнің белді компаниялары да тартылып отырғанын мәлімдеді.

Ақпарат:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.