Баспасөз үшін

05/04/2017

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Мәскеу биржасы Ынтымақтастық меморандумына қол қойды

Бүгін Мәскеу биржасы ұйымдастырған Биржа форумы - 2017 аясында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Мәскеу биржасы Басқарма Төрағасы Александр Афанасьев АХҚО мен Мәскеу биржасы арасында Ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Меморандум АХҚО мен Мәскеу биржасы арасында құрылатын ұзақмерзімдік қатынас халықаралық инвесторлардың тарапынан қызығушылықты арттырып, сенімнің молаюына, сонымен қатар, капитал нарығы саласында білім мен тәжірбие алмасу, дамуға ықпал етеді деп күтілуде.

Мәскеу биржасының Басқарма Төрағасы Александр Афанасьевтің айтуынша, қол қойылған Меморандумдар Қазақстан мен Ресейдің қаржы саласындағы алдағы серіктестікке жаңа мүмкіндіктер бермек.

АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов инфрақұрылымдық өзгерістер бойынша сәтті жетістіктерге қол жеткізген Мәскеу биржасының АХҚО үшін қызықты екенін айтты. Ол сонымен қатар, АХҚО-ның шеңберінде Астананың халықаралық биржасының құрылатындығын, әрі онда «Самұрық-Қазына»ҰӘҚ тартымды компанияларының құнды қағаздарының орналастырылатындығын айтты.

Тараптар қол қойылған Меморандумның биржалық қаржы құралдары саласында ақпарат пен тәжірбие алмасуға ықпал ететінін, Еуразиялық Экономикалық Одақта әрі қарай интеграцияға әсер ететініне де тоқталды.

 

Ақпарат:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді. 

Мәскеу биржасы. «Мәскеу биржасы» Тобы Ресейдегі акциялар, облигациялар және өндірістік құралдар, валюта, ақша нарығындағы құралдар мен тауарлар саудасын жүзеге асыратын көпфункционалдық биржалық платформа. Топ құрамына орталық депозитарий («Ұлттық есеп депозитарий» АҚ) пен нарықтағы орталық контрагенттің рөлін атқаратын клирингтік орталық (Ұлттық клирингтік Орталық» Банкі) кіреді. Бұл Мәскеу биржасына клиенттерге сауда және пост-трэйдтің бүкіл қызметін көрсетуге мүмкіндік береді. Мәскеу биржасы саудаланатын акциялардың жалпы капитализациясы бойынша әлемдік қор биржаларының негізгі 25-не кіреді, оған қоса, облигациялар саудасы мен шұғыл контрактілердің саудасының ауқымы бойынша ең негізгі 5 ірі биржаның қатарына енеді. 2017 жылдың 1-наурызындағы ақпарат бойынша Мәскеу Қор биржасында 692 эмитенттің құнды қағаздары саудаға жіберілген, оның ішінде нарықтық капитализация деңгейі бойынша ірі ресейлік компаниялардың құнды қағаздары да бар.

Мәскеу биржасы 2011 жылдың желтоқсан айында екі ірі ресейлік биржалық топтар - ММББ Тобы мен РТС Тобының қосылуы нәтижесінде құрылған. Активтердің негізгі категорияларының барлығымен сауда жасайтын бұл құрылым ашық акционерлік қоғамға айналып, Мәскеу биржасы атанды.

Мәскеу биржасы өзінің акцияларының бірінші орналастыруын 2013 жылдың 15-ақпанында өзінің сауда алаңқайында (саудалық коды- MOEX) жасады.