Баспасөз үшін

04/04/2017

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Лугано тауар нарықтары бойынша операциялар Қауымдастығы (Швейцария Конфедерациясы) Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

3-4 сәуірде «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) шақыруымен Лугано тауар нарықтары бойынша операциялар Қауымдастығы өкілдері Астанаға келді.

Швейцариялық делегацияның іс-сапары кезінде АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетов пен Қауымдастықтың Бас хатшысы Марко Пассалидің кездесуі өтті.

Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Урос Шмидтің қатысуымен АХҚО және Лугано тауар нарықтары бойынша операциялар Қауымдастығы арасында Ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды.

Тараптар тауар саудасы саласындағы қаржыландыру, активтерді басқару жеке банктік қызмет көрсету, сауда, индустрия саласындағы біріккен тренингтер өткізу, ақпаратпен алмасу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Қауымдастықтың сарапшылары АХҚО қызметкерлері мен Қазақстанның өзге де қаржылық ұйымдарының өкілдеріне «Швейцарияның банк жүйесі», «Ғаламдық әл-ауқат» тақырыптарына семинарлар тізбегін ұсынды.

 

Ақпарат:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді. 

Лугано тауар нарықтары бойынша операциялар Қауымдастығы (Lugano Commodity Trading Association) Лугано қаласында орналасқан коммерциялық емес ұйым. Қауымдастықтың атқару Комитетіне саудаға қатысты 11 саланың өкілдері кіреді. Қауымдастықтың негізгі мақсаты сауда саласындағы және Еуропаның итало-швейцариялық аймағындағы сауда және қаржыландыру саласының нығаюы, Қауымдастық құрамына кіретін компаниялар қызметкерлерінің оқуы, олардың тәжірбиесін арттыру, трейдинг саласы, осы салалардағы «ноу-хауға» мықтап назар аудару.