Баспасөз үшін

27/05/2016

«Астана» халықаралық қаржы орталығы мен БҰҰ Даму Бағдарламасының Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

Бүгін БҰҰ Тұрақты Үйлестірушісі және Қазақстан Республикасындағы  БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) Тұрақты Өкілі Норимаса Шимомура мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Басқарушысы Қайрат Келімбетов  Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Аталған Меморандумның мақсаты – Қазақстан Республикасында «жасыл қаржы» жүйесіне арналған ұлттық негізді дамыту.

Қ.Келімбетов Меморандумға қол қоюдың маңыздылығын ескере келе,  «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен БҰҰ Даму Бағдарламасының  белсенді түрде бірлесіп іс-қимыл жасауы «жасыл экономикаға» өтуді жан-жақты қолдау бойынша Мемлекет басшысының жүктеген міндеттерін сәтті іске асыруға ықпал ететіндігін атап өтті. 

Норимаса Шимомура өз кезегінде, «жасыл» қаржы «жасыл экономикаға» өтуді қамтамасыз етудің қисынды құрамы екендігін атап өтіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қазақстандағы «жасыл» қаржының перспективалық хабы ретіндегі ерекше рөлін басып айтты. 

БҰҰДБ  өзге де қаржылық институттары – Ғаламдық Экологиялық Қор, Жасыл Климатикалық Қор және өзге де ұйымдарымен бірге тығыз жұмыс істеу АХҚО-мен бірге «жасыл қаржы» бойынша ең үздік тәжірбиені тауып, оны енгізуді қамтамасыз етеді.

Тараптар «жасыл қаржы» бойынша тұрақты түрде семинар, конференциялар, форумдар  өткізуге  және осы қол қойылған Меморандумды жүзеге асыру үшін Бірлескен Жоспар қабылдайтын болып келісті.

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.