Баспасөз үшін

12/12/2016

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен «Самұрық-Қазына» АҚ Өзара түсіністік меморандумына қол қойды

Бүгін «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру және дамытудың ҚР Үкіметі бекіткен 2015 ж.30-мамырдағы №393 Қаулыға (2016 ж.8-қыркүйектегі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген №530 Қаулыға сай) Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ұлттық банкінің Біріккен іс-жоспарын жүзеге асыру аясында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен «Самұрық-Қазына» (Қор) арасында Өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандум 2016-2020 жылдар аралығындағы Жекешелендірудің кешендік жоспарын жүзеге асыру аясында Қор компанияларының жоспарланып отырған IPO орналасуына қатысты Жол картасын келісуді ұйғарады.

Қордың инвестициялық тұрғыда ең тартымды компанияларының IPO-сы өтеді деп жоспарланып отыр.

АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетовтің айтуынша, АХҚО дамыған қаржылық инфрақұрылымды құру арқылы жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыруда маңызды рөл атқармақ, әрі реттеушілік базаны әзірлеп, шетел инвесторларын тартады.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқарма Төрағасы Ө.Шүкеевтің айтуынша, «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтасып жұмыс істеу Қор үшін маңызды, себебі, бұл Қазақстанның құнды қағаздар рыногін дамытуға, оның ішінде квази-мемлекеттік сектор компанияларына инвестиция тартуға мүмкіндік бермек.

Тараптар айтқандай, қол қойылған құжаттың аясындағы АХҚО мен Қордың ынтымақтастығы өтімділікті шоғырландырып, жаңа биржалық инфрақұрылым аясында терең капитал нарығын құруға мүмкіндік береді, сонымен қатар, жергілікті капитал нарығын дамытып, Қазақстанға шетелдік инвестициялардың келуіне ықпал етпек.

Тараптар туралы ақпарат:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі  –  ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді. 

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі.2008 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен құрылған, коммерциялық жүйе –инвестициялық холдинг болып есептеледі, мақсаты Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқатын арттыру және ұлттық экономиканы модернизациялау. «Самұрық-Қазына» АҚ өз миссиясын портфеліндегі компаниялардың ұзақмерзімдік құнын көтеріп, орнықты дамуын қамтамасыз етіп, ұлттық экономиканың басым секторларына инвестиция құю арқылы оларды тиімді басқарады. Қор активтері $61,5 млрд.құрайды. Қор тобындағы компаниялар өз инвестицияларының ширек бөлігін Қазақстанда салған. Қор тобына мұнай-газ, транспорт-логистикалық, химия, атом өнеркәсібі, машина жасау, жылжымайтын мүлік саласындағы компаниялар кіреді. Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығына сай, «Самұрық-Қазына» АҚ 2016-2020 жылдар аралығында Жекешелендірудің ауқымды бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бағдарламаның басты мақсаты мемлекеттік активтерді бәсекелік ортаға беру арқылы Қазақстан экономикасының тиімділігін арттыру.