Баспасөз үшін

14/12/2016

Nasdaq «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қолдау көрсетеді

Nasdaq Inc, АҚШ-тың ірі қор биржасы «Астана» Халықаралық Қаржы орталығымен (АХҚО) бірлесіп екікүндік семинар өткізді. Осы шара аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Б.Ә. Сағынтаев Nasdaq тобымен кездесіп, АХҚО-мен арадағы бірлескен ынтымақтастыққа қатысты шараларды талқылады.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру бойынша бастамасын айта келе, Премьер қаржы орталығының ерекше статусы болатынына да назар аударды. АХҚО қатысушыларына айрықша жағдайлар жасалынады, қазіргі күні әлемдік ең мықты талаптарға сай болатын жоғарғы технологиялық биржа құру бойынша жұмыстар жасалынып жатыр. Премьер-министр, сонымен қатар, қаржы орталығының жекешелендіру бағдарламасындағы үлкен рөліне, оның ішінде реттеушілік базаны дайындап, шетел инвесторларын тарту тұрғысынан алғандағы маңызына тоқталды.

Nasdaq пен АХҚО 2016 жылы қазан айында қол қойылған Ынтымақтастық бойынша Меморандум аясында ықпалдасып іс атқарады және серіктестігі ұзақмерзімдік стратегиялық тұрғысынан жұмыс істеуге негізделген. Nasdaq-пен Ынтымақтастық негізінде АХҚО Биржасы «ұлттық чемпиондардың» IPO-сы арқылы және мемлекеттік кәсіпорындардың жекешелендіруі арқылы Қазақстан экономикасына инвесторларды тарту платформасына айналады.

Үкімет хабарлағандай, биржалық инфрақұрылым 2018- 2020 жылдары АХҚО алаңында өткізілетін жекешелендірудің жаңа толқынының нәтижесінде әрі қарай IPO өткізу үшін толықтай дайын болмақ.

Nasdaq АХҚО-мен  жаңа технологиялар провайдері ретінде және сәтті, жоғарғытехнологиялық, сауда алаңын жасау бойынша бизнес ережелер мен реттеу ережелерін дайындау тұрғысынан болашақта бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін растады.

Nasdaq, сонымен қатар, жекешелендіру бағдарламасын жүзеге асыру аясында әйгілі листингтік және сауда алаңы атану үшін жәрдемдесетін болады. Жекешелендіру кез келген мемлекет үшін аса маңызды қадам, ал Қазақстан үшін капитал нарығын дамытуға қозғаушы күшке ие болады. Алайда, компаниялар осы бағдарламаны сәтті жүзеге асыру үшін жекешелендіруге дайын болулары тиіс.

АХҚО Басқарма Төрағасы Қ.Н.Келімбетовтің айтуынша, 2017 жылы қыркүйек айында АХҚО биржасы AIX өз алаңында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компаниялары акцияларын орналастыруға дайын болмақ. Ол сонымен қатар, Nasdaq Inc өкілдеріне ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.


Тараптар туралы ақпарат

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі  –  ағылшын тілі болады.

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.

Nasdaq, Inc – бұл ірі қор биржасы, оған барлық ашық түрдегі акционерлік қоғамдардың жартысынан көбі тіркелген. Ол сондай-ақ  осы биржада сауда жасайтын компаниялардың нарықтық капитализациясы бойынша Нью-Йорк қор биржасынан кейінгі әлемдегі екінші ірі биржа болып саналады, биржа әлемнің басқа биржаларымен салыстырғанда электрондық сауданың ең жоғарғы көлеміне ие. Биржаның атауы National Association of Securities Dealers Automated Quotations (Бағалы қағаздар жөніндегі дилерлердің ұлттық қауымдастығының автоматтандырылған баға белгілеулері) аббревиатурасынан шыққан.