Баспасөз үшін

28/09/2016

«Астана» Халықаралық қаржы Орталығының делегациясы Малайзияға іс-сапармен барды


Исламдық қаржы институттарының қызметін, исламдық бағалы қағаздардың шығарылуы мен айналымын реттеу бойынша нормативтік құқықтық базаны әзірлеу мақсатында АХҚО серіктес елдердің қаржы нарығының қатысушылары және реттеушілерімен, исламдық қаржы саласындағы жаһандық көшбасшылармен ынтымақтастық жасауды белсенді түрде жалғастыруда.

Исламдық қаржыландыру саласында тәжірибе алмасу және жетекші қаржы институттармен ынтымақтастық орнату үшін 2016 жылғы 26-28 қыркүйек аралығындағы кезеңде Басқарушы Қ.Н. Келімбетов бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының делегациясы Малайзия Федерациясына сапармен барды.

         Сапар барысында АХҚО Басқарушысы Малайзияның Экономикалық жоспарлау департаментінің (EPU) Бас директоры Ник Азманмен, Малайзия Орталық Банкінің (Bank Negara) Төрағасы Мухаммад бин Ибрагиммен, «Khazanah Nasional Berhad» Инвестициялық қордың Бас қаржы директоры Изани Ганимен, Малайзияның Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясының (SCM)  Төрағасы Ранжит Сингхомимен, «Maybank» Төрағасы Захарутдин Мохд Нормен, Малайзияның Экономикалық даму басқармасының (PEMANDU) Бас басқарушы директоры Идрис Джалмен кездесулер өткізді.

Қ.Н. Келімбетов малайзиялық қаржы құрылымдарының басшыларына ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтің ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің жоғары технологиялық инфрақұрылымы базасында айрықша мәртебеге ие «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы бастамасы жөнінде баяндап берді. АХҚО қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі исламдық қаржыландыру, атап айтқанда исламдық банкингті және банктік емес қаржылық қызметтерді, содай-ақ исламдық капитал нарығын дамыту болып табылады. Қ.Н. Келімбетов АХҚО бүгінде исламдық қаржы бойынша әлемгетанымал орталықтардың біріне айналған малайзиялық тараптың сәтті тәжірибесін белсенді пайдалануды жоспарлап отырғандығын атап айтты.  

Тұтастай алғанда, Малайзияның қаржы ортасы Астананың АХҚО арқылы Орталық Азия өңірінде және тұтас Еуразия кеңістігінде де исламдық қаржыны дамыту бойынша ниеті мен жұмсап жатқан күш-жігеріне қолдау білдірді. Малайзиялық тарап АХҚО-ның исламдық қаржы құралдары мен исламдық қаржылық қызметтердің кең түрін дамытатын және тарататын негізгі алаңдардың бірі ретінде қалыптасуына өз үлестерін қосуға дайын екендігін білдірді.

Малайзия Қор биржасы, Исламдық қаржы бойынша шариғатты зерделеудің халықаралық академиясы (ISRA), Исламдық қаржылық қызметтер жөніндегі кеңестің Бас Хатшылығы (IFSB), Исламдық банкинг пен қаржы институты (IBFIM) және Исламдық қаржының Дүниежүзілік университеті (INCEIF),  Қаржылық аккредиттеу агенттігі (FAA), сондай-ақ Исламдық банктік құралдар қауымдастығы (AIBIM), Исламдық сақтандыру жөніндегі Малайзиялық компания (Syarikat Takaful Malaysia Berhad) басшылығымен болған келіссөздер де аса қызықты әрі нәтижелі болды.

Бұдан басқа, Малайзия Федерациясындағы ҚР Елшілігінің және «MIFC» Малайзияның исламдық қаржының халықаралық орталығының ұйымдастыруымен  «Malaysia Development Bank», «Financial Court of Malaysia Financial Center», «International Islamic Liquidity Management Corporation», «Nomura Asset Management Malaysia», «Kuwait Finance House», «Hong Leong Islamic Bank Berhad», «Amanie Advisors», «Rating Agency Malaysia», «Guidance Financial Group», «Amundi Islamic», «Labuan IBFC», «Silver lake», «Path Solutions», «Investment Account Platform» сияқты Малайзияның исламдық қаржыландыру саласындағы жетекші институттарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша Малайзияның Исламдық банкинг пен қаржы институтымен (IBFIM),Исламдық қаржы бойынша шариғатты зерделеудің халықаралық академиясымен (ISRA),Қаржылық аккредиттеу агенттігімен (FAA), сондай-ақ Исламдық банктік құралдар қауымдастығымен(AIBIM) өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойылды.

 

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.