Баспасөз үшін

13/09/2016

АХҚО Басқарушысы Сингапурдың үкіметі мен іскери ортасының өкілдерімен кездесті

 «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) делегациясы Сингапур Республикасына (СР) жасаған сапары аясында аталған елдің Үкіметінің ресми тұлғалары мен қаржы ұйымдарының басшылығымен келіссөздер жүргізді.

АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов СР Премьер-Министрінің орынбасары Тхарман Шанмугаратнаммен және СР Қаржы министрлігінің, СР Ақша-несие басқармасының (MAS), Мемлекеттік инвестициялық корпорация (GIC), «Temasek» Ұлттық әл-ауқат қорының басшылығымен, сондай-ақ Бухгалтерлік есеп пен корпоративтік реттеу агенттігінің (ACRA), СР Экономикалық даму агенттігінің (EDB), «Singapore Exchange» (SGX) қор биржасының, Қамтамасыз ету орталық қорының (CPF), СР Стандарттау, өнімділік пен инновациялар агенттігінің басшыларымен кездесті. Бұдан басқа, делегация Сингапур банктер қауымдастығының (ABS) атсалысуымен және ұйымдастыруымен өткізілген дөңгелек үстелде жергілікті банктер өкілдерімен кездесті.

Сингапур Республикасының экономикалық және қаржы ортасының өкілдерімен кездесу барысында АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетов АХҚО-ның қызметі мен орталықтың негізгі бағыттарын дамыту бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндап берді. Қ.Келімбетов қазақстандық қаржы орталығы үшін Сингапурдың капитал нарығын дамыту тәжірибесін зерделеу өте маңызды екендігін атап өтті.

Тұтастай алғанда, Сингапурдағы ҚР Елшілігімен бірлесіп жасалған және өткізілген кездесулердің кең ауқымды бағдарламасы бәсекеге қабілетті, тұрақты, жоғары технологиялық және өте ыңғайлы қаржы орталығын құру ісіне қатысты екі елдің қаржы орталықтары арасындағы өзара тығыз іс-қимыл жасау мәселелерін жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Тараптар ақша-несиелік басқару, қаржы қызметтерін қадағалу және қаржылық тұрақтылық мониторингі, қор нарығын дамыту, актвитерді басқару, инвестициялық құралдарды енгізу және оларды тиімді пайдалану сияқты және т.б. салаларда тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырды.

АХҚО делегациясы сондай-ақ Орталық үшін арнайы ұйымдастырылған Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің (МСМ) семинарына қатысты.

         Өз кезегінде, Ли Куан Ю атындағы МСМ тыңдаушылары үшін АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетовтің «Қазақстанның үлгісімен дамушы елдерде жаңа институттар құру» тақырыбындағы дәрісі ұйымдастырылды.

Анықтамалық ақпарат:

Ақша-несие басқармасы - Monetary Authority of Singapore (MAS) – Сингапурдың Орталық банкі. Қала-мемлекеттің монетарлық саясатын белгілейді және Сингапур валютасының эмиссиясымен айналысады. Үкіметтің қаржы агенті ретінде ресми резервтерді және мемлекеттік бағалы қағаздарды басқарады. Сингапурдың қаржы секторының реттеушісі әрі қадағалаушы органы ретінде банк секторы бойынша және сақтандыру саласында пруденциальды нормаларға ие. Сондай-ақ Сингапур халықаралық қаржы орталығын дамытуға және алға жылжытуға жауапты орган болып табылады. 

Сингапур экономикалық даму агенттігі (Economic Development Board (EDB) жаһандық бизнс-орталық ретінде елдің позициясын нығайтуға арналған Сингапурдың жоспарлау мен стратегияларын іске асыру жөніндегі Үкіметтің органы. АҚШ пен Батыс Еуропада Сингапурды ірі корпорациялар үшін арзан өндірістік базалар құру бойынша алаң ретінде ұсыну жөніндегі өкілдіктері бар. 

Темасек – Сингапурдың Ұлттық әл-ауқат қоры, Сингапурдың ірі холдингі, ол экономиканың көптеген секторларындағы компанияларға иелік етеді жәгне оларды басқарады. Оның жұмысына Сингапур Қаржы министрлігі бақылау жасайды, әлемнің ірі 10 елінде өкілдіктері бар.  

Сингапур қор биржасы (SGX) – Акциялар нарығының капитализациясы 1 трлн. АҚШ долларын құрайтын Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі қор биржасы. Биржаға қатысатын компаниялардың 40%-ы Сингапурдан тыс елдерде орналасқан.

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.