Баспасөз үшін

19/02/2018

АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңес Леди Барбара Джаджты АХҚО-ның Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің Директорлар кенесінің Төрайымы етіп тағайындады

«Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес Леди Барбара Джаджты АХҚО-ның Қаржылық қызметтер реттеу жөніндегі комитетінің (Astana International Financial Authority, бұдан әрі – AFSA) Директорлар кенесінің Төрайымы етіп тағайындады.

Леди Джадж британдық және американдық азаматтығы бар коммерциялық аға басшы, төрайым және атқарушы емес директор ретінде жеке және мемлекеттік секторларда, сондай-ақ, энергетика, инфрақұрылым, өндіріс, бөлшек сауда және қаржылық қызметтер көрсету секторларында зор әрі табысты халықаралық мансапқа ие. Леди Джадж корпоративтік басқару саласында танымал сарапшы болып табылады және осыған орай Ұлыбританияның Директорлар институтының Төрайымы болып сайланған.

          Ол сондай-ақ алаяқтық пен қаржылық қылмыстардың алдын алуға маманданған Cifas Ұлыбританияның мүшелік ұйымының Төрайымы болып табылады. Бұған дейін Леди Джадж АҚШ-тың Бағалы қағаздар мен биржа комиссиясының Комиссары (Министрі) және Ұлыбританияның Қаржылық есептілік кеңесінің (корпоративтік басқарудың британдық реттеушісі) Төрайымы қызметтерін атқарған.      

          «Бұл лауазымға тағайындалуым мен үшін үлкен абырой. Мен AFSA-ның Директорлар кеңесінің тиімділігін және халықаралық стандарттарға сай келуін қамтамасыз етуге және де АХҚО-ның дамуына өз үлесімді қосуға тырысатын боламын», -  деп, Леди Джадж өзінің тағайындалуы туралы жылы лебізін білдірді.

АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов Леди Джаджтың басшылығымен және Директорлар кеңесінің басқа мүшелерінің қолдауымен AFSA айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізеді және әлемдік деңгейдегі қаржы реттеушісі болатынына сенім білдірді.

Анықтама ретінде:

 

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады.

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.

АФСА. «Астана» халықаралық қаржы орталығының Комитеті «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес заңды тұлға және жарғылық орган болып табылады. АФСА-ның негізгі мақсаты – АХҚО аумағындағы қаржы жүйесінің тұрақтылығын, сондай-ақ қаржы нарықтарының АХҚО аумағында ашықтық, әділдік және тиімділік қағидаттарымен жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

АФСА-ның ең жоғарғы органы Төраға басқаратын Директорлар кеңесі болып табылады. АФСА-ның Директорлар кеңесі АФСА-ның Атқарушы органын және АФСА-ның жалпы қызметін қадағалайды, қызметтің стратегиялық бағыттарын айқындайды, АФСА-ның актілерін қабылдайды, сондай-ақ АХҚО-ның басқару жөніндегі кеңестің және/немесе АХҚО Басқарушысының актілерінде белгіленген өзге де өкілеттіктерге ие.