Баспасөз үшін

27/05/2016

«Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Еуропа даму және қайта құру банкінің арасында Келісімге қол қойылды

Бүгін Шетел инвесторлары кеңесі аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Еуропа даму және қайта құру банкінің (ЕДҚБ) Президенті Сума Чакрабарти Қазақстанда жасыл қаржы жүйесін дамыту бойынша зерттеулер жүргізу жөнінде Келісімге қол қойды.

 «Қазақстанға арналған жасыл қаржы жүйесін» әзірлеу бойынша алдын ала зерттеулер  2016 жылы басталып, 2017 жылы аяқталады деп күтілуде. Тараптар зерттеулер нәтижесінде бақылау комиссиясының қарауына кешенді стратегия мен оны іске асыруға арналған жоспар ұсынылады деп болжауда. Зерттеулер жасыл технологияларға арналған инвестицияларға деген сұранысты бағалайтын, қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды анықтайтын, сондай-ақ жасыл қаржыландыру стандарттарын енгізу, жасыл облигациялар нарығын және көміртегі нарығының қызметтерін дамыту бойынша ұсынымдар беретін болады.      

Жобаны іске асыру үшін тараптар «жасыл» инвестицияларға сұранысты бағалау, қаржы ұйымдарына арналған Экватордың қағидаттары сияқты «жасыл» қаржыландыру стандарттарын енгізу бойынша ұсынымдарды әзірлеу, сондай-ақ қазақстандық «жасыл» облигацияларға арналған нарықтарды дамыту арқылы өзара іс-қимыл жасауды жоспарлап отыр.

АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетовтің сөзінше, АХҚО өз алаңында «жасыл» қаржыландыру құралдарын дамытуды жоспарлап отыр. Ол: «Қазіргі таңда біз экономиканың таза технологияларға қарай бетбұрыс жасауын және оның қарқынды дамып келе жатқандығын көріп отырмыз. Осы орайда, Астана ЭКСПО-2017 жоғары технологиялық алаңы жасыл технологиялар саласында зерттеулер жүргізуге нақты инфрақұрылым ұсынуға ниетті, ал АХҚО оның қаржыландырылуына атсалысуы мүмкін», – дейді.

Қазақстан бойынша ЕДҚБ директоры Джанет Хекман айтқандай, ЕДҚБ өңірдегі жасыл технологиялар бойынша ірі инвестор болып табылады. «Қазақстанда біз энергиялық тиімді және қалпына келетін энергия көздерін қолдауға барлық күш-жігерімізді салатын боламыз. Біз сондай-ақ елдеріңіздің жасыл экономика бағдарламасын қаржыландырудың жаңа жолдарын табуға көмектесуге тырысамыз және АХҚО болашақта өзінің бірегей жобасы ретінде жасыл қаржы жүйесін дамытуды басқаруы мүмкін деп санаймыз», – деді Джанет Хекман.

Қол қойған тараптар зерттеудің қорытындылары, тақырыбын Елбасы «Жаңа энергетика» деп атаған Шетел инвесторларының келесі Жиынында паш етілетінін айтты.

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.