Баспасөз үшін

20/09/2017

АХҚО қазақстандық және шетелдік БАҚ алдында өз тұсаукесерін өткізді


Бүгін «Астана» Халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Басқарушысы Қайрат Келімбетов Үкіметтің баспасөз орталығында қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің алдында қаржы орталығының жоспарларымен бөлісті.

АХҚО тарапынан қатысқан спикерлер қаржы орталығының негізгі стратегиялық бағыттарының бәрін қамтыды.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған АХҚО ұзақмерзімдік дамуға бағытталған бес институционалды реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының бөлігі.

АХҚО арнайы статусы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңымен заңды түрде бекітілген.

ТМД елдерінің арасында, тұңғыш рет ағылшын сауда құқығы қағидаттары мен әлемдік белді қаржы орталықтарының талаптарына сәйкес (Лондон, Нью-Йорк, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б) құрылған өзіндік құқықтық арнайы құзыреттік аумақ АХҚО-да құрылмақ.

АХҚО базасында әлемдік мықты талаптарға сай жоғарғы технологиялық жаңа биржа іске қосылмақ. Биржа «Самұрық-Қазына» АҚ компанияларының жекешелендіру процесі өтетін негізгі алаң болады деп жоспарланып отыр.

            АХҚО дамуының негізгі стратегиялық даму бағыттары - капитал нарықтарын дамыту, активтерді басқару, жеке тұлғалардың дәулетін басқару, исламдық қаржыландыру, қаржылық технология, жасыл қаржыландыру секілді бағыттар.

АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетов және қаржы орталының спикерлері АХҚО-ның негізгі бағыттары мен міндеттері туралы айтып, БАҚ сұрақтарына жауап берді.

 

Ақпарат үшін

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.