Баспасөз үшін

15/09/2017

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Сингапурдың мемлекеттік және іскер топтарына қаржы орталығының тұсаукесерін өткізді

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетов бастаған делегация Сингапур Республикасына жасаған ресми сапарының аясында мемлекеттік органдар мен іскерлік құрылымдар өкілдеріне қаржы орталығының тұсаукесерін өткізді.

АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов Сингапур Республикасы ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі министр-координатор, ұлттық даму, сауда және индустрия бойынша мемлекеттік министр, халықаралық коммерциялық соттың бас атқару директоры, Сингапурдың сот коледжінің атқарушы директоры, Meinhardt компаниясының басқарма төрағасы, «Temasek»ұлттық әл-ауқат компаниясының, Lending Star қаржы технологиялары компаниясының, «Singapore Airlines» және KAPTIC компанияларының басшылығымен кездесті.

АХҚО Басқарушысы Қ.Келімбетов Сингапур Республикасының экономикалық және қаржы топтарының өкілдерін капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, қаржы технологиялары, ислам және жасыл қаржы секілді АХҚО-ның негізгі бағыттарымен таныстырды.

Қ.Келімбетов АХҚО өз қатысушыларына айрықша жағдай жасайтынын – 50 жылға дейін салықтан босатылатынын, капиталдың еркін айналымын, ең заманауи инфрақұрылым, 2 жылға дейін офистерді тегін беретінін және шетелдіктерге арнайы визалық жеңілдіктер болатынын айтты.

«АХҚО Орталық Азия, Кавказ, Еуразиялық экономикайлық аймақ, Таяу шығыс, Батыс Қытай, Моңғолия мен Еуропа үшін қаржылық орталық болуы тиіс. Мұнан өзге АХҚО «Бір белдеу – Бір жол» жобасының аясында аймақтық бизнес-хабқа айналады»,-деді Қ.Келімбетов.

АХҚО тұсаукесерінде Қазақстанның Сингапур Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сүлеймен Үсен қатысты.

Қазақстанның Сингапурдағы Елшілігімен бірге ұйымдастырылған көлемді кездесулер АХҚО-ны Сингапурдың іскер топтарына кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді.

Сингапурдың өкілдері АХҚО-мен жұмыс істеуге үлкен қызығушылық танытты. Тараптар капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, қаржы технологиялары, ислам және жасыл қаржы секілді салаларда және жаңа әрі заманауи инвестициялық құралдарды енгізу бойынша тығыз жұмыс істеу мүмкіндіктерін талқылады.

Қ.Келімбетов сонымен қатар, Сингапур саммитіне, әлемдік бизнес көшбасшыларын жинайтын Азиядағы ең ауқымды алаңының жұмысына қатысты. Сингапур саммитінің алаңында белгілі кәсіпкерлер аймақтық және ғаламдық өсімге әсер ететін ең өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді талқылады.

Ақпарат үшін:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі  –  ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді. 

KAPTIC. Қазақстан-Азия-Тынық Мұхиты палатасы – тұңғыш сауда-инвестициялық палатасы. KAPTIC мақсаты Қазақстанға Азия-Тынық мұхиты аймағынан белді компанияларды тарту. 

Темасек – Сингапурдың Ұлттық әл-ауқат қоры, Сингапурдың ірі холдингі, ол экономиканың көптеген секторларындағы компанияларға иелік етеді жәгне оларды басқарады. Оның жұмысына Сингапур Қаржы министрлігі бақылау жасайды, әлемнің ірі 10 елінде өкілдіктері бар.

Meinhardt. Әлемдегі ең үздік инженерлік компанияның бірі және Азиядағы ірі тәуелсіз консалтингтік компанияның бірі. 1955 жылы құрылған. Әлем бойынша 45 офисте 4500-ден астам қызметкерге ие. 

Сингапур Саммиті. 2012 жылы Temasek Connects Сингапурдың экономикалық даму Кеңесі, қаржы министрлігі, сауда және өнеркәсіп министрлігі және Қаржы басқармасы және Temasek компаниясы бірлесіп құрған.