Баспасөз үшін

06/09/2017

Қазақстанда Ислам қаржыландыруы бойынша жаһандық сыйлықтың тапсырылу салтанаты өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам қаржыландыруы бойынша жаһандық «Global Islamic Finance Awards» (GIFA) сыйлығының тапсырылу салтанатына қатысты.

Елбасы «Ислам қаржыландыруы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығын Джибути Республикасының Президенті Исмаил Омар Геллеге тапсырды.

GIFA әлемдегі ислам қаржыландыруы бойынша ең абыройлы сыйлық болып есептелінеді. Соңғы 7 жыл көлемінде GIFA ислам қаржыландыруы саласындағы көшбасшылық пен шынайы ұстанымға ие жеке тұлғалар мен қаржылық ұйымдарға, үкіметтерге тапсырылған.

Бұл іс-шара өз алаңында әртүрлі елдердің басшыларын, үкімет төрағаларын және халықаралық ислам қаржыландыру институттарының өкілдерін жинайды.

Биыл салтанатты шараға 20-дан астам елдің 200-ден астам өкілі – ислам қаржыландыруы индустриясындағы көшбасшылар жиналды.

GIFA сыйлығын әр жылдары ислам қаржысы саласының дамуына әсер еткен көшбасшылар алған. Салтанатты іс-шара Оман, Малайзия, БАЭ, Бахрейн, Индонезия елдерінде өткен.

2014 жылы «Ислам қаржыландыруы бойынша жаһандық көшбасшы» сыйлығы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Дубайда өткен 10-шы Әлемдік ислам экономикалық форумы кезінде ислам қажыландыруы нарығын аймақтық және халықаралық деңгейде дамыту және алға жылжыту бойынша қол жеткізген жетістіктері үшін тапсырылған еді.

Биыл жаһандық ислам қаржыландыруы 7-ші сыйлығын ислам қаржыландыруын аймақтық дәрежеде алға жылжытудағы қосқан үлесі үшін Татарстан Президенті Р. Минниханов, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Б. Сұлтанов, Ресей Федерациясы Орталық Банкінің Төрайымы Э. Набиуллина алды және «Үздік банкир», «Үздік исламдық банк», «Ислам қаржыландыруындағы үздік инновациялық өнім» секілді 50-ден астам номинация бойынша сыйлықтар тапсырылды.

Бүгін өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда экономиканы индустриализациялау мен инновациялық бағдарламаларды дамытуға арналған шетел инвесторлары үшін тартымды болатын реформаларды белсенді жүргізіліп отырғанын айтты. Ондай жобалардың бірі «Астана» Халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) құрылуы, бұл ағылшын заңдылығы негізінде жұмыс істейтін және шетел инвестициялары мен үздік қаржы құралдары үшін тартымды, ерекше жағдайға ие айрықша алаң болмақ.

Елбасы Қазақстанның осы ислам әлеміндегі жаһандық сыйлықтың тапсыратын орынға айналуы кездейсоқтық емес, өйткені, Қазақстан ТМД, Орталық Азия елдері арасында ислам қаржыландыруын заңдық тұрғыда енгізіп отырған көшбасшы ел екендігіне тоқталды.

Ислам қаржыландыруы – АХҚО-ның негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. Қаржы орталығы ТМД мен Орталық Азиядағы ислам қаржыландыруы институттарының орналасатын негізгі хабы болуға тиісті барлық ресурстарға ие.

АХҚО жағымды құқықтық және реттеу жүйесін құруға және ислам қаржыландыруы бойынша өнімдер мен құралдарды дайындауға қатысты белсенді жұмыс істеп отыр.

Ақпарат үшін:

АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі   ағылшын тілі болады. 

АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді. 

GIFA. Ғаламдық ислам қаржыландыруы Сыйлығының (GIFA) негізін құраушы ағылшынның EdBiz Corporation компаниясы, ол Ғаламдық ислам қаржыландыруы бойынша Ғаламдық есепті (Global Islamic Finance Report –GIFR дайындаумен айналысады. Сыйлық ислам қаржысы мен банк секторы бойынша жетістіктер мен қосқан үлесті ескереді. Әр жылдары бұл сыйлыққа Малайзияның экс-премьер-министрі Тан Абдуллах Бадави, Индонезияның Президенті Джоко Видодо, Пәкістанның экс-Премьер-министрі Шаукат Азиз ие болған.